Тоғыз жүз мың теңге жалақы алушылар туралы Тоқтар аға былай депті: «Үш рет депутат болдым. Үш ретте де жолым болған жоқ. Таратып жіберді. Құдай біледі, тағы бір рет талпынып көрсем, тағы таратып жіберуі мүмкін. Ендеше ешкімге кедергі келтірмей-ақ қояйын. Менсіз-ақ жұмыс істесін, отырсын. Бұл жерге жылы орынды аңсайтындар келеді. Себебі, мұнда ешкім ешкімнің жағасынан алмайды, ешкім сені сөйлеуге мәжбүрлемейді, тек «иә» деген түймені бассаң жетіп жатыр. Егер тапсырма жоғарыдан келсе барлығы бір ауыздан: «болды, түсіндік, келісеміз» дейді. Ешқандай түзету енгізбейді. Шынымды айтсам, сөзінің салмағы, өзіндік пікірі жоқтардың арасында жүргім келмейді». «Біз біртіндеп құлдырап барамыз. Анығында, бұл құлдыраудың басы ғана. Әзіргі құлдырауымыз баяу басталып жатыр. Әлемдік дағдарыс дендей түскенде не болады? Айтудың өзі қорқынышты. Біз түк өндірмейтін елміз. Шикізатқа тәуелді елдің тағдыры белгісіз, болашағы бұлыңғыр. Әлем біздің шикізаттан бас тартқан күні нағыз құлдырау басталады. Анығында, біз құзға құлаймыз. Міне, сол кезде ғана халық биліктің осы уақытқа дейін түк бітірмегенін анық ұғынады».